
Павлодар облысының тұрғындарына судағы қауіптілік туралы ескерту үшін Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері рейдтерді тәулік бойы дерлік жүргізуде.
Шомылу маусымы басталғалы бері өңірде судағы жазатайым оқиғалар салдарынан алты адам қаза тапты, оның ішінде екеуі кәмелетке толмағандар. Оның бес жағдайында адамдар шомылуға жабдықталмаған орындарда демалған. Бұл ретте, ересектер суға кеткен әрбір жағдайда дерлік ішімдік қолдану дерегі анықталған.
– Мысалы, неліктен көбі Усолкадағы коммуналдық жағажайда демалмайды? Адамдар бейнебақылау камералары мен қоғамдық құтқарушылардан қашады. Олар өзеннің қарама-қарсы жағалауын таңдап, ол жерде от жағып, алкоголь тұтынады. Полициямен бірлесіп біз ол жерде де рейдтер жүргіземіз. Алайда, ыстық күндері демалушылардың көптігі соншалық, біз әрқайсысына әсер ете алмаймыз, – деп атап өтті ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Тілекжан Ғалямов @pavlodar.rsk алаңында.
Тәуліктің қараңғы уақытында шомылуға тыйым салынғанына қарамастан, Павлодар облысының тұрғындары кешке де, тіпті түнде де суға түседі. Сондықтан құтқарушыларға рейдтерді тәулік бойы дерлік жүргізуге тура келеді. Жиі жағдайда су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін өз балаларын өздері қадағалауға міндетті ата-аналардың есіне салуға тура келеді. Мысалы, Ақсуда мамандар су жанында ересектердің ілесуінсіз демалған алты кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдеріне айыппұл салды.










