
Келесі жылы «Вектор Павлодар» ЖШС базасында шығарылатын дискілерді бояу өндірісін іске қосу жоспарлануда, осылайша барлық технологиялық процестер бір алаңда шоғырландырылады.
Қазақстандағы жалғыз автокөлік дөңгелектерін шығарушы кәсіпорын «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының алаңында жұмыс істеп жатқанына тоғыз жыл болды. Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорнында жергілікті электролиз зауытында өндірілетін алюминий қолданылады және жыл сайын 300 мың дана диск шығарылады.
– Өнімнің 80%-ы Ресей Федерациясының қайталама нарығына жөнелтіледі, қалғаны Қазақстанда қалады, – дейді компания директорының орынбасары Қуаныш Балтабаев. – Біздің желіде дискілердің 200-ге жуық түрі бар, олардың әрқайсысы 10 түрлі нұсқада орындалады. Ресейдегі мамандар дөңгелектердің дизайнын жасап, сызбасын сызады, ал біз оларды құйып, сынақтан өткіземіз. Сертификат алынғаннан кейін сериялық өндіріс басталады.
Бүгінгі таңда кәсіпорынның өндірістік цикліне дискілерді бояу процесі қосылмаған. Алайда, келесі жылы «Вектор Павлодар» ЖШС бояу цехын іске қосып, дөңгелек шығаруды толықтай бір алаңда оқшаулауды (локализациялауды) көздеп отыр.










