
Павлодар облысы агроөнеркәсіптік кешенге инвестициялар көлемі бойынша республика өңірлері арасында екінші орынға шықты.
Өңірлік АӨК-тегі жағдай туралы @pavlodar.rsk алаңында өткен баспасөз мәслихатында ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Қаленов баяндады. 2025 жылға Павлодар облысында жалпы сомасы 38,4 млрд теңге болатын 25 жоба іске асыруға дайын болды. Бұл – жаңа қайта өңдеу кәсіпорындары, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау нысандары және суармалы жерлер. Олардың іске қосылуы нәтижесінде 125 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
– Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 12,1 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске асырылды, – деді спикер. – Оның екеуі – 2380 басқа арналған сүт-тауарлы фермалар құрылысы, үшеуі – 1808 гектар суармалы жерді айналымға енгізу жобалары. Бүгінгі күнге дейін жүзеге асырылған жобалардың саны 10-ға жетті. Қалған 15 жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Инвестициялық жобаларды іске асыруды қолдау шеңберінде инвестициялық салымдар кезіндегі шығындарды өтеу бойынша субсидиялар қарастырылған. Бұл қолдаудың жалпы сомасы 8,1 млрд теңгені құрайды.










