Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІ
+7 (7182)661551
rsk.pavlodar@gmail.com

Региональная служба коммуникаций Павлодарской области

ҚАЗ   РУС   ENG

Главная 9 Жаңалықтар 9 2026 жылдан бастап МӘМС жүйесінде не өзгереді?

2026 жылдан бастап МӘМС жүйесінде не өзгереді?

Nov 6, 2025 | Жаңалықтар


Келесі жылдан бастап Қазақстанда Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін біріктіретін Бірыңғай медициналық көмек пакетін енгізу басталады. Сақтандыру мәртебесі болмаған жағдайда да, азаматтарға шұғыл және паллиативтік көмекке, бастапқы диагностикаға және жұқпалы ауруларды емдеуге қолжетімділік қамтамасыз етіледі.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі алдағы өзгерістер туралы @pavlodar.rsk алаңында ӘМСҚ өңірлік филиалы басшысының орынбасары Әсел Оқапова айтып берді. Мысалы, бұрын көбінесе сақтандырылған тұлғаларға ұсынылған онкоскринингтер енді барлығына қолжетімді болады. Сондай-ақ, тамыр ауруларын ерте анықтауға және инсульттің алдын алуға бағытталған жаңа тексеру түрлері енгізіледі. Бұл әсіресе әлеуметтік осал топтар, декреттік демалыстағы әйелдер және уақытша табыссыз қалған азаматтар үшін маңызды шаралар.

Бұдан басқа, МӘМС жүйесі икемдірек болады. Ол үшін сақтандыру жарналарын есептеу үшін базаның жоғарғы шегі енгізіледі – жұмыс берушілер үшін 40 АЕК және қызметкерлер үшін 20 АЕК. Сондай-ақ, жаңа әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған: бес жыл бойы тұрақты жарна төлеген азаматтар табысынан айырылғаннан кейін алты ай ішінде сақтандырылған мәртебесін сақтайды. Бұрын бұл мерзім үш айды құрайтын.

Өзгерістер емханаларды қаржыландыру жүйесіне де қатысты. Кешенді жан басына шаққандағы норматив (КЖШН) тіркелген бір пациентке шамамен 1675 теңгені құрайды. 2025 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі КЖШН төлеу тәртібін қайта қарауды бастамашылық етті: жыл бойы емханаға қаралмаған пациенттер үшін мекеме базалық мөлшерлеменің 80%-ын – шамамен 1340 теңге алады. Бұл шара бастапқы буын дәрігерлерін халықпен белсенді жұмыс істеуге – қоңырау шалуға, профилактикалық тексерулерге шақыруға және скринингтік бағдарламаларға қатысуға ынталандыруға бағытталған.