Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІ
+7 (7182)661551
rsk.pavlodar@gmail.com

Региональная служба коммуникаций Павлодарской области

ҚАЗ   РУС   ENG

Главная 9 Жаңалықтар 9 Павлодар облысының тұрғындарына екпенің маңыздылығы еске салынды

Павлодар облысының тұрғындарына екпенің маңыздылығы еске салынды

Apr 25, 2025 | Жаңалықтар



27 сәуірден бастап өңірде Еуропалық иммундау апталығы басталады. Оның мақсаты – аурулардың алдын алу және өмірді қорғау үшін вакциналардың маңызын тағы бір рет атап көрсету.

Қазақстан Еуропалық иммундау апталығын 2005 жылдан бастап өткізіп келеді. Биылғы науқан «Баршаға иммундауға қол жеткізу – бұл біздің қолымызда» ұранымен өтеді.

– Екпелерді қолдану бірқатар ауруларды азайтуға, ал кей жағдайларда оларды толықтай жоюға мүмкіндік берді, – деді @pavlodar.rsk алаңында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Замзагүл Дощанова. – Сал ауруы балаларға үнемі қауіп төндіріп келді, шешек өлімге немесе бет пішінінің бұзылуына әкелді, ал дифтерия, сіреспе, қызылша мен қызамық өлімге соқтыратын асқынуларға себеп болды. Вакциналардың арқасында шешек толығымен жойылды, ал полиомиелит тек екі елде – Пәкістан мен Ауғанстанда ғана тіркеліп отыр. 2002 жылдан бастап Қазақстан полиомиелиттен еркін аймақ ретінде танылған.

Мамандар вакциналар кейбір онкологиялық аурулардың алдын алуға көмектесетінін еске салады. Мысалы, адам папиллома вирусына қарсы екпе жатыр мойны қатерлі ісігі және басқа да онкологиялық аурулардың алдын алуға қабілетті. Ал В вирустық гепатитіне қарсы вакцина бауыр циррозы мен қатерлі ісікті болдырмауға көмектеседі.

Бүгінде Қазақстандағы иммундау бағдарламасы балалар мен жасөспірімдерді 21 түрлі инфекцияға қарсы вакцинамен қамтиды. Бір жасқа дейінгі балалар 11 жұқпалы ауруға қарсы егіледі. Жыл басынан бері Павлодар облысында 2,2 мыңнан астам балаға қызылшаға қарсы, ал 2364 балаға көкжөтел, дифтерия және сіреспеге қарсы вакцина егілді.