
Өңірде әзірге бірде-бір тұмау жағдайы ресми түрде тіркелген жоқ.
Эпидемиологиялық жағдай туралы @pavlodar.rsk алаңында Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Замзагүл Дощанова айтып берді. Ол эпидмаусым басталғалы Павлодар облысында 1,5 мыңнан астам ЖРВИ (жедел респираторлық вирус инфекциясы) жағдайы тіркелгенін атап өтті. Аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 146,2-ні құрады. Ауырғандардың ең көп саны – 14 жасқа дейінгі балалар, олардың арасында 648 жағдай тіркелген. Бұл ретте ағымдағы маусымда тұмау жағдайлары анықталған жоқ.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сәйкес, алдағы эпидемиологиялық маусымда тұмау вирусының A(H1N1), A(H3N2) және B сияқты үш штамы өзекті болады, – деді спикер. – Бұл штамдар Павлодар облысы үшін 80 мың доза мөлшерінде сатып алынған «Гриппол плюс» вакцинасының құрамына енгізілген.
Өңірде тұмауға қарсы вакцинация қыркүйек айында басталды. Бүгінгі таңда 28 мыңнан астам адам егілді. Вакцина азаматтардың жекелеген санаттарына: диспансерлік есепте тұрған балаларға, медицина қызметкерлеріне, педагогтарға, әскери қызметшілерге және халықтың басқа да топтарына тегін беріледі.










