Иммундау науқаны облыс халқының 12%-ға жуығын екпемен қамтуды жоспарлап отыр.
15 қыркүйектен бері Павлодар облысында қазірдің өзінде 20 мыңнан астам адам тұмауға қарсы екпе алды.
– «СК-Фармация» ЖШС арқылы орталықтандырылған тұмауға қарсы 90 мың доза вакцина сатып алынды, – деді денсаулық сақтау басқармасының алғашқы медициналық-санитарлық көмек және медициналық жұмыс бөлімі басшысының м. а. Дәулет Жетпісов. – Ресейде жасалған «Гриппол плюс» препараты сатып алынды. Жүргізіліп жатқан жұмыстар облыс тұрғындарының 11,9 пайызын иммундауға мүмкіндік береді.
Ең алдымен тәуекел топтары: медицина қызметкерлері, жетім балаларға арналған білім беру ұйымдарының оқушылары, балалар үйлері, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметтерін алушылар, жүкті әйелдер және т.б. Павлодар облысында тұмауға қарсы егу жұмыстарын жүргізу үшін емханаларда 164, мектептерде 176 екпе кабинеті құрылды. Сондай-ақ облыста 69 жылжымалы екпе бригадасы жұмыс істейді.