
Бұл — 103 пультіне түскен жалпы шақырулар санының шамамен 8%-ы.
@pavlodar.rsk алаңында мобильді бригадалардың жұмысы туралы облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко айтып берді. Ол 103 қызметі тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде жұмыс істейтінін және тұрғындарға көрсетілетін барлық көмек мүлдем тегін ұсынылатынын еске салды.
– Павлодар облысы бойынша жедел жәрдем пультіне түсетін әрбір шақыру бірыңғай call-орталықта қабылданады, – деп атап өтті спикер. – Бұл жұмысты медициналық білімі бар білікті диспетчерлер атқарады. Келіп түсетін шақырулар жеделдіктің төрт санатына бөлінеді. Бірінші, екінші және үшінші жеделдік санатындағы шақыруларды тек жедел жәрдем бригадалары орындайды. Ал төртінші санаттағы шақыруларға келсек, 2025 жылғы 1 мамырдан бастап олар емханалар жанындағы мобильді бригадаларға берілді. Олар жұмыс күндері сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін, ал сенбіде 8:00-ден 13:00-ге дейін жұмыс істейді. Кешкі және түнгі уақытта, сондай-ақ демалыс күндері бұл шақыруларды жедел медициналық көмек бригадалары орындайды.
Төртінші жеделдік санатындағы шақыруларға пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнбейтін, ағзалар мен жүйелердің кенеттен әрі айқын бұзылуынсыз өршіген созылмалы ауруы немесе жіті ауруы салдарынан туындаған жағдайлары жатады. Мысалы, терең емес жарақаттар мен күйіктер, созылмалы аурудан туындаған ауырсыну синдромы, асқынбаған кризсіз артериялық гипертензия, өздігінен басылмайтын жоғары температура және т.б. Мұндай жағдайларда бригаданың жету уақыты 60 минутқа дейінді құрайды.
Төртінші санаттағы шақыруларды емханаларға беру жедел жәрдем бригадаларын шұғылырақ шақыруларды орындау үшін босатып қана қоймай, емхана қызметіне де кейіннен пациентті амбулаториялық деңгейде емдеу тактикасын айқындауға мүмкіндік береді.
Статистикаға тоқталсақ, 2026 жылдың 8 айында Павлодар облысы бойынша 103 пультіне 184 671 шақыру түскен. Төртінші санат бойынша 31 390 шақыру болды. Оның 16 362-сін жедел жәрдем бригадалары, ал 15 028-ін мобильді бригадалар орындады.










