
Өңір тұрғындарына стихиялық қоқыс орындары үшін жауапкершілік бар екені ескертілді.
Өңірдегі рұқсат етілмеген қоқыс орындарымен күрес туралы экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықов айтып берді. Ол бүгінде мұндай орындардың ғарыштық мониторинг көмегімен анықталатынын еске салды. «Қазақстан Ғарыш Сапары» деректері бойынша, 2026 жылдың басынан бері Павлодар облысының аумағында 97 стихиялық қоқыс орны анықталған. Жергілікті атқарушы органдар бүгінгі таңда олардың толық жойылғаны туралы есеп берді.
– Біздің рейдтік шараларымыздың барысында 13 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді спикер. – Оларға жалпы сомасы 4,8 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, айыппұлдар толық көлемде өндірілді.
Бүгінгі таңда өңірде қатты тұрмыстық қалдықтар орналастырылатын 321 объект жұмыс істейді. Олардың ішінде тек 3 полигон – Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы объектілер ғана белгіленген экологиялық және санитарлық талаптарға сай келеді. Қалған барлық объектілерді талаптарға сәйкестендіру және қажетті рұқсат құжаттарын алу талап етіледі.
Облыстық деңгейде төрт елді мекен: Ертіс, Тереңкөл, Майқайың және Баянауыл ауылдарында полигон құрылысына арналған жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп қойған. Табиғатты қорғау шараларының жоспарына сәйкес, Шарбақты, Железин, Май, Ақтоғай және Успен аудандарында да қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу жоспарланып отыр. Осы жобаларды қаржыландыруға келетін болсақ, Экология және табиғи ресурстар министрлігі бүкіл Қазақстан бойынша заманауи ҚТҚ полигондарын жабдықтауға 53 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырған. Бұл қаражаттың белгілі бір бөлігі Павлодар облысына да бағытталады.
Фото: ChatGPT










