
Бүгінгі таңда өңірде 51 мыңнан астам ерікті бар.
Павлодар облысында еріктілерге қандай қолдау көрсетілетіні туралы @pavlodar.rsk алаңында айтылды. Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы жастар және отбасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанова атап өткендей, бүгінде өңірде 86 еріктілер ұйымы ресми тіркелген және 400-ден астам бастамашыл топ жұмыс істейді. Тек өткен жылдың өзінде олардың күшімен 2 мыңға жуық түрлі іс-шара өткізілді.
Еріктілерге мемлекеттік қолдау облыстық еріктілер фронт-офисі арқылы көрсетіледі. Мұнда жұмыс жеті бағыт бойынша жүргізіледі: төтенше жағдайлар еріктілігі, эко-еріктілік, оқиғалық-мәдени еріктілік, спорт және денсаулық, медиа, білім беру еріктілігі мен зоо-еріктілік.
– Бүгінде біз облысымыздың түкпір-түкпірінен еріктілердің басын қосатын Asar Camp өңірлік слетіне дайындалып жатырмыз. Кэмп қатысушылары үшін оқыту тренингтері мен қызықты бос уақыт ұйымдастырылады. Мұның бәрі еріктілердің құзыреттілігін дамыту және қозғалысқа жаңа қатысушыларды тарту үшін жасалуда, – деді еріктілер фронт-офисі басшысының міндетін атқарушы Тамирис Бесеенова.
Өзінің еріктілік тәжірибесі туралы Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған гимназияның жоғары сынып оқушысы Әдия Сәрсембекова айтып берді. Тоғызыншы сыныпта ол өз мектебінде еріктілер үйірмесінің бастамашысы болса, бүгінде өңірлік фронт-офистің ең белсенді еріктілерінің бірі санатында.
– Ерікті қызметіндегі ең жағымды сәт – адамдарға көмектесу, – дейді Әдия. – Мысалы, біз жалғызбасты зейнеткерлердің үйіне барып, шаруаларына көмектесеміз, үстел ойындарын апарамыз. Бір кездері мені тіпті мұғалімдерім де түсінбеген еді. Алайда, қоғамдық жұмысымыздың нәтижесін көргеннен кейін, қазір олар тек қолдау көрсетіп отыр.
Павлодар облысының тұрғындары еріктілер қозғалысына қосылуға шақырылады. Еріктілердің айтуынша, мұнда жас ерекшелігі немесе әлеуметтік мәртебе маңызды емес. Бұл істе ең бастысы — жақыныңа көмектесуге деген шынайы ниет.










