
Егер 2021 жылы өңір кәсіпорындарының шығарындылары шамамен 730 мың тоннаны құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 670 мың тоннадан асқан жоқ.
Павлодар облысындағы атмосфералық ауаның жай-күйі мен жалпы экологиялық жағдай туралы экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков айтып берді. Ол атмосфералық ауаға тасталатын ластаушы заттардың жалпы көлемі үш қалада орналасқан өнеркәсіптік кәсіпорындардан құралатынын еске салды. Барлық нақты шығарындылардың 46,5%-ы Екібастұзда, 27,07%-ы Ақсуда, ал 25,2%-ы Павлодарда қалыптасады.
– 2025 жылы өңір бойынша атмосфералық ауаға тасталатын шығарындылар лимиті 25 мың тоннаға — 926,6 мыңнан 901,5 мың тоннаға дейін азайтылды, – деді спикер. – Бұл төмендету мемлекеттік экологиялық сараптама шеңберіндегі жобалық шешімдерді қарау кезінде соңғы 3 жылдағы нақты деректер бойынша лимиттерді анықтауға байланысты болып отыр.
Белгілі болғандай, соңғы 5 жылда нақты шығарындылар көлемі шамамен 60 мың тоннаға азайған. Өңір бойынша динамика келесідей: 2021 жылы – 730,2 мың тонна, 2022 жылы – 726,5 мың тонна, 2023 жылы – 703,97 мың тонна, 2024 жылы – 697,47 мың тонна, 2025 жылы – 669,9 мың тонна. Экологтар нақты шығарындылардың азаюын Павлодар облысының «Қазақстан Алюминийі» АҚ, Павлодар мұнай-химия зауыты, Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1 және Екібастұз ГРЭС-2 сияқты ірі кәсіпорындарының табиғат қорғау шараларымен байланыстырады.
Фото: Gemini










