Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІ
+7 (7182)661551
rsk.pavlodar@gmail.com

Региональная служба коммуникаций Павлодарской области

ҚАЗ   РУС   ENG

Главная 9 Жаңалықтар 9 Павлодар облысында 200-ден астам мопед тіркелді

Павлодар облысында 200-ден астам мопед тіркелді

Mar 11, 2025 | Жаңалықтар


5 сәуірден бастап Қазақстанда барлық мопедтер механикалық көлік құралы ретінде есептеледі.

Өткен жылы Павлодар облысында мопед жүргізушілерінің қатысуымен 38 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның екеуі өліммен аяқталған. Сонымен қатар, жол апаттарынан кейін мопед жүргізушілерінің оқиға орнынан қашып кетуі жиі кездесетін жағдай болды, бұл олардың жауапкершілігін анықтауды қиындатты. Осы себепті мопедтерді міндетті түрде тіркеу туралы шешім қабылданды.

– 5 сәуірден бастап мопедтерді тек полицияда тіркегеннен кейін және A1, A немесе B санатындағы жүргізуші куәлігі болған жағдайда ғана пайдалануға рұқсат етіледі, – деп мәлімдеді @pavlodar.rsk алаңында Павлодар облыстық полиция департаментінің процессинг орталығының бастығы Сейілхан Садыков. – Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, мопед – бұл екі немесе үш дөңгелекті механикалық көлік құралы, қозғалтқышының көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын іштен жанатын қозғалтқышпен немесе электр қозғалтқышымен жабдықталған, максималды жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспайтын көлік құралы. Мопедтерге сондай-ақ скутерлер мен осындай техникалық сипаттамалары бар басқа да механикалық көлік құралдары жатады.

Мопедті тіркеу үшін қажетті құжаттар:

• Техникалық тексеруден өткенін және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру полисінің бар екенін растайтын құжаттар

• Жеке куәлік

• Техникалық құжаттар немесе мопедтің техникалық сипаттамалары туралы мәліметтер

• Арнайы ХҚКО-ға барып, өтініш толтыру, мопедті тексеруден өткізу және мемлекеттік баждарды төлеу қажет

Мемлекеттік тіркеу төлемдері:

• Мопедті тіркеу: 0,25 АЕК (983 теңге)

• Тіркеу куәлігін беру: 1,25 АЕК (4915 теңге)

• Мемлекеттік нөмір беру: 1,4 АЕК (5505 теңге)

Егер мопед жүргізушісінде жүргізуші куәлігі бар болса, ол бар санатқа сәйкес көлікті басқара алады. Ал егер жүргізуші куәлігі жоқ болса, онда A1 санатын алу қажет. Қазақстанда бұл санатты 16 жасқа толған азаматтар ғана ала алады.