Қазірдің өзінде облыс бойынша 1,8 мыңға жуық өтініш берушінің есепшотына 150 мыңдай доллар аударылған.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Балаларға арналған ұлттық қор» жобасын жүзеге асыру өткен жылы басталған болатын. Оның мәні – Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы жыл сайын Қазақстанның барлық балалары кәмелеттік жасқа толғанға дейін бөлінеді. Бұл әр баланың шотына жыл сайын белгілі бір сома аударылып, онымен бірге өсетінін білдіреді.
– Бүгінгі күні Қазақстанда бұл бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны 6,9 миллионнан астам бала, оның ішінде Павлодар облысында 214 мыңға жуық бала, – деп атап өтті Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры филиалының директоры Владимир Питраков.
– Облысымызда биыл 18 жасқа толғандардан 1774 өтініш келіп түскен.
Оның 937-сі үшін Ұлттық қордан түскен қаржы тұрғын үй жағдайын жақсартуға, 837 өтініш бойынша оқу ақысын төлеуге аударылған.
Ресми мәлімет бойынша, 2024 жылы Павлодар облысында 10 мыңнан астам бала кәмелеттік жасқа толады. Алайда 18 жасқа толған 7 мыңға жуық азамат БЖЗҚ-дағы арнайы шоттарына аударылған қаражатты әлі игермеген.
Мамандар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының бөлімшелеріне хабарласып, қаражаттың бар-жоғын растайтын үзінді көшірме алуды және оны қалай пайдалануға болатынын кеңесуді ұсынады.