Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІ
+7 (7182)661551
rsk.pavlodar@gmail.com

Региональная служба коммуникаций Павлодарской области

ҚАЗ   РУС   ENG

Главная 9 Жаңалықтар 9 Қазақ кітапханалары техникалық және кәсіби әдебиеттердің жаңаруын күтуде

Қазақ кітапханалары техникалық және кәсіби әдебиеттердің жаңаруын күтуде

Jan 28, 2025 | Жаңалықтар


Павлодар облысының жалпы кітапхана қоры 3 миллионға жуық кітап болса, ондағы өндірістік әдебиеттердің үлесі 10 пайыздан аспайды.

С. Торайғыров әмбебап ғылыми кітапханасының жетекшісі Шолпан Шахметованың айтуынша, Жұмысшы мамандықтары жылында кітапханалардың техникалық және кәсіби әдебиеттерін жаңартуға көңіл бөлінуі қажет. Белгілі болғандай, оның басым бөлігі Кеңес Одағы жылдарында жарық көрген. Оның үстіне қазақ тілінде қазіргі арнайы әдебиет өте аз.

– Кітапханаға келушілердің бестен бірі – колледж студенттері, – дейді Шолпан Шахметова. – Сондықтан біз жастарымызға кәсіби бағдар беру, техникалық әдебиеттерді насихаттау жұмыстарын үздіксіз жүргіземіз. Сабақ барысында балалардың болашақ мамандығының қыр-сырын меңгеріп, оқулықтан білім алатыны анық. Жастар оқитындай қосымша өндірістік әдебиеттер, оқу-әдістемелік және ғылыми-көпшілік басылымдар көбейгенін қалаймын.

С. Торайғыровтың кітапханасында 42 мыңға жуық техникалық және кәсіптік әдебиеттері бар. Бұл токарь, механизатор, ағаш шебері мамандықтары туралы әңгімелейтін кітаптар. Соңғы уақытта кітапханаға тігіншілерге арналған пішу және тігу бойынша көптеген түрлі басылымдар келіп түсті. Бұл ретте жастар мұнда оқуға қажетті кітаптармен қатар көркем әдебиет үшін де келеді.