«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры шағын және микро бизнес үшін несиені субсидиялауға немесе кепілдендіруге өтінімдерді қарауды мүмкіндігінше оңайлатты.
2023 жылы Павлодар облысында «Даму» қоры есебінен портфельді субсидиялау аясында құны 1,5 млрд теңгеге жуық 148 жобаға қолдау көрсетілді. Кепілдік құралы бойынша 151 жобаға көмек көрсетілді, несие портфелінің сомасы 1,4 млрд теңгені, ал кепілдік сомасы 1,2 млрд теңгені құрады.
– Портфельді субсидиялау мен кепілдік беру – ең көп сұранысқа ие бағыт, – дейді «Даму» ҚБ облыстық филиалының басшысы Рустам Қасымов. – Қордың өзінде де, несие беретін екінші деңгейлі банктерде де өтініштерді қарау процесі барынша жеңілдетілген. Кәсіпкер бір жұмыс күні ішінде мемлекеттік қолдау аясында несие ала алады.
Павлодар облысында жүздеген кәсіпкер «Даму» қорын қолдау құралдарын пайдаланады. Кезінде солардың арқасында «Salling Plast Qazaqstan» пенополиуретанды құбырлар шығаратын кәсіпорын өзінің өндірістік базасын алды. Қазір кәсіпорынға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Ресейден тапсырыстар көптеп түсуде. Сондықтан ЖШС басшылығы айналым қаражатының көлемін толықтыру мақсатында тағы да қордың көмегіне жүгінуді ұйғарды.
Сүт өнімдері мен қазақтың ұлттық тәттілерін шығаратын «ЭкоДом-Павлодар» ЖШС-нің де жеке кәсібін кеңейту жоспары бар. Серіктестік директоры Марина Рейдина Астанада мемлекеттік қолдау есебінен фирмалық сауда үйлерін іске қоспақ.
Мемлекеттік қолдау құралдарының арқасында жеке кәсіпкер Жанар Шопанова арманын орындады. 2014 жылы үй жағдайында торт пісіруді бастады. Уақыт өте бұл хобби бизнеске айналды. Ұзақ уақыт бойы кәсіпкер әйел жалға беретін дүкендерде жұмыс істеуге мәжбүр болды. Бірақ субсидиялар мен банктік несие кепілдігінің арқасында ол өз жеке мекемесіне көшуге мүмкіндік алды.