
Мамандардың айтуынша, дайын тағамдар, соның ішінде майонез бен қаймақ қосылған көп компонентті салаттар, кремі бар кондитерлік өнімдер, тартылған еттен жасалған тағамдар, сілікпелер, сондай-ақ жеткілікті деңгейде жуылмаған жаңа піскен көкөністер, жемістер мен жидектер үлкен эпидемиологиялық қауіп төндіреді.
Тамақтан уланудың алдын алу шаралары туралы @pavlodar.rsk алаңында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекова еске салды.
— Қоғамдық тамақтану орындарының қызметі тек белгіленген рұқсат құжаттары болған жағдайда ғана жүзеге асырылады, — деді спикер. — 50-ден астам орынға ие нысандар санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыға ие болуы тиіс, ал 50 және одан аз орынға ие нысандар қызметін бастау туралы хабарлама негізінде жұмыс істейді. Жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар тағам өнімдерін өндіру, қайта өңдеу, өткізу және тұтынуды ұйымдастыру талаптарын сақтау, шикізат пен дайын тағамдардың жанасуын болдырмау, жарамдылық мерзімдері мен сақтау шарттарын бақылау, ыдыстарды жуу және дезинфекциялау тәртібін сақтау, өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болуы, сондай-ақ тағамды дайындау мен таратуға тек міндетті медициналық тексеруден өткен қызметкерлерді жіберуді қамтамасыз етуге міндетті.
Қоғамдық тамақтану орындарында техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін өнімдерді, бұзылу белгілері бар өнімдерді, үй жағдайында дайындалған тағамдарды, дайындалғаннан кейін үш сағаттан артық таратуда тұрған немесе қайта қыздыруды қажет ететін тағамдарды, жарамдылық мерзімі өткен немесе сақтау шарттары бұзылған өнімдерді, алдыңғы күннің қалдықтарымен араластырылған тағамдарды, сондай-ақ сатылмаған дайын тағамдарды мұздату арқылы кейінгі күнге өткізуге жол берілмейді.
Тұрмыстық жағдайда халыққа тағам өнімдерін тек ресми сауда орындарынан сатып алу, тез бұзылатын өнімдерді өндіруші көрсеткен температурада тоңазытқышта сақтау, көкөністерді, жемістерді және жидектерді мұқият жуу, жеке гигиена ережелерін сақтау және шикізат пен дайын өнімдер үшін бөлек құрал-жабдықтарды пайдалану, етті, құсты, жұмыртқаны және теңіз өнімдерін жеткілікті термиялық өңдеуден өткізу, кремді кондитерлік өнімдерді +2-ден +4 °C-қа дейінгі температурада сақтау және дайын тағамдар мен салаттарды бөлме температурасында екі сағаттан артық қалдырмау ұсынылады.
Тағамнан уланудың алғашқы белгілері пайда болған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау мерекелік кезеңде халық денсаулығын сақтаудың негізгі шарты болып табылады.










