
Клиентке сертификаттың толық құнын ақшалай баламада алуға Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті көмектесті.
@pavlodar.rsk алаңында жетекші ведомствоның басшысы Дәулен Қабдүшев қызықты оқиғамен бөлісті. Департаментке сыйлыққа 35 мың теңге сомасында ыдыс-аяққа арналған сертификат алған әйел жүгінген. Алайда, клиентке ас үй жабдықтары қажет болмағандықтан, ол сертификатты «қолма-қол ақшаға» айырбастау үшін кәсіпкерге барған.
– Кәсіпкер тұтынушыға ақшалай қаражат беруден бас тартқан, сол себепті әйел бізге көмек сұрап келді, – деді Дәулен Қабдүшев. – Біз тексеру бастадық, оның қорытындысы бойынша кәсіпкер жауапкершілікке тартылды. Әйел сертификат құны көлеміндегі ақшаны алды.
Қолданыстағы заңнама тұтынушының сыйлық сертификатының толық құнын ақшалай баламада алуға құқығы бар екенін айқындайды. Оған қоса, кез келген сыйлық сертификаты үш жыл бойы жарамды болады. Егер ол сізге тауар ретінде табысталса, осы мерзім ішінде сертификатты пайдалануға құқығыңыз бар. Бұл жағдайда тек акция аясында сыйға тартылатын және сатып алушы төлемейтін сертификаттар ғана ерекшелік болуы мүмкін.










